Спорт

Еламан — әлем чемпионы

Қазақ күресі

16-18 қыркүйекте Румынияның Констанца қаласында қазақ күресінен әлем кубогы өтті. 82 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Еламан Қойшыбаев әлем чемпионы атанды.

Еліміздің көк туын желбіреткен жерлесімізді Әлия Молдағұлова атындағы әуежайда әріптестері мен спорт өкілдері салтанатты түрде күтіп алды.

Жарыста 4 белдесу өткіздім. Біріншісі румын, кейін молдовалық балуанмен шықтым. Ақтық айқасқа жолдама алу үшін қазақ балуанымен күрестім. Финалда Тунис елінің спортшысын уақытынан бұрын жеңдім. Ең мықты қарсылас румын балуаны болды. Өзіміздің қазақ балуанымен болған күресте тартысты өтті. Есебіміз тең болып, қосымша уақытта жеңіске жеттім, — дейді ол.

Еламан Қойшыбаев Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет атқарады. Спорттан тыс кезде жедел мақсаттағы батальонның құрамында қалада қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етеді. 15 мемлекеттің арасында өткен кубокта халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғап шықты.

 — Өткен жылы Еламан Қазақстан чемпионатында 2-орын алып, әлем кубогына жолдама алды. Еламан жастар арасында әлем чемпионы. Қазан айында түркітілдес елдер арасында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алдық. Одан кейін, желтоқсан айында елордамызда өтетін әлем чемпионатына дайындаламыз. Артымыздан өсіп келе жатқан шәкірттеріміз де аз емес. Спорт шебері атағын алған жастарымыз бар. Олардан үлкен үміт күтеміз, — дейді ересектер арасында Ақтөбе облысының аға жаттықтырушы Дархан Темірханов.

Н.ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button